Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тарихы
Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы 1969 жылы 30 қазанда Қарағанды қалалық мәдениет бөлімінің Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің ұсынысы бойынша көру қабілеті бұзылған адамдарға қызмет көрсету үшін ашылды.
Оның алғашқы атауы — зағип және нашар көретін азаматтарға арналған қалалық арнайы кітапхана. Кітапхана меңгерушісі болып жоғары педагогикалық білім алған, бала кезінен мүгедектігі бар Құрмаев Ришат Кәрімұлы тағайындалды. Ол көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта жұмыс істеп, бірнеше жыл Қазақ соқырлар қоғамы Қарағанды оқу-өндірістік кәсіпорнының төрағасы қызметін атқарды. Кітапхана Амангелді көшесі 22 мекенжайындағы қалалық зағиптар қоғамының ғимаратында орналасты. Шағын кітапхана штаты меңгеруші — Р.К.Құрмаев, кітапханашы — И.Гонеман және оқу залының меңгерушісі — В.Щербининадан тұрды.

1973 жылдың қаңтар айында облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен кітапханаға облыстық мәртебесі берілді. Сол уақытта кітапхананың кітап қоры 4000 дана жазықбаспалы әдебиет пен 10000 Брайль кітаптарына дейін артты. Кітапхананы меңгерушісі ретінде жоғары кітапханалық білімі мен бірнеше жылдық кітапханалық жұмыс өтілі бар Письменская Валентина Григорьевна басқарды. Осы кезден бастап Қазақ соқырлар қоғамы зағиптарды арнайы магнитофондармен қамтамасыз етуді жақсартты. 1973 жылдың маусым айында кітапхана қоры алғаш рет «Қазақ соқырлар қоғамы» облыстық басқармасы арқылы 40 орам (9-10 атау) дыбысты кітаппен (аудиокітап) толықты. Сол жылы кітапхана облыстық кітап саудасымен Мәскеу қаласынан Брайль әдебиетін жоспарлы түрде жеткізуге келісім жасады.
1974 жылдан бастап жылжымалы кітапханалар ұйымдастырылды, басында — 2: Саран және Балқаш қалаларында. Саран қаласындағы кітапхана «Қазақ соқырлар қоғамы» Саран бастапқы ұйымының жанынан құрылды. Бұл кітапхананы кітапқұмар, әдебиетті насихаттаушы, Қазақ зағиптар қоғамы бастапқы ұйымының төрағасы В.Г.Балчевиц басқарды. Уақыт өте келе облыстық зағиптар кітапханасы зағип оқырмандарға үйде және сырттай абонемент арқылы қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды. Осы мақсатта Қазақ зағиптар қоғамының облыстық басқармасы (төраға В.М.Чечулин) кітапханаға айына 2 рет көлік бөлді. Үйден оқитын оқырмандар саны мен кітапхананың кітап қоры да қарқынды өсті. Мерзімда баспасөз, жазықбаспалы әдебиет пен Брайльдық кітаптарға қаражатты облыстық мәдениет басқармасы бөлді, кітапхана штаты да мәдениет басқармасы есебінен құралды. Ал «дыбысты» кітаптар мен оларды қайталауға арналған магнитті пленка да Қазақ соқырлар қоғамы есебінен сатып алынды, яғни республикалық зағиптар қоғамы «Қазақ соқырлар қоғамы» облыстық басқармасы арқылы барлық техникалық құралдар мен кітапханалық құрал-жабдықтардың, «дыбысты» кітаптардың қаржысын төледі
1974 жылдың қазан айында Амангелді көшесі 22 мекенжайындағы тар, ылғалды үй-жайдағы кітапхана Ударная көшесі 2 мекенжайында орналасқан «Қазақ соқырлар қоғамы» Қарағанды оқу-өндірістік кәсіпорны басқармасының ғимаратына ауысты. Бұл кең жердегі кітапханада алғашында абонемент, оқу залынан тұрып, кітап қорының барлық түрлері орналастырылды. Барлық жұмыс зағип жандарды оқуға баулуға бағытталды. Оқырмандар саны 1300-ден асты. Оқырман санының артуына «Қазақ соқырлар қоғамы» облыстық басқармасы, Қазақ соқырлар қоғамының барлық бастауыш ұйымдары мен оқу-өндірістік кәсіпорны, қалалық зағиптарға арналған мәдениет үйі, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты зор үлес қосты. Сол жылдары Сергеева Ольга Васильевна мен Романова Наталья Алексеевна оқырмандарға қызмет көрсетті.
1994 жылы кітапхана жаңа ғимарат – Коммуна 1 көшесіндегі «Роза» балабақшасының ғимаратына көшті. Осы кезден бастап кітапхана қорды кең ғимаратта орналастыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Сол жылдан Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананы Усенова Нұржан Қайыргелдіқызы басқарды. Кітапхана қызметінің негізгі аспектісі — мүгедектерді әлеуметтік-мәдени оңалту бойынша жұмыс пен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту мен қоғамға интеграциялаудың маңызды мақсаты ретінде жан-жақты дамыған, әлеуметтік белсенді тұлғаны тәрбиелеуде қолайлы және тартымды бос уақытты ұйымдастыру қызметіне бағытталды.
Алғашында 10-нан астам кітапты құраған шағын кітапхана осы уақытта 87000-нан астам дана қоры бар ірі, мәдени-ағарту және ақпараттық мекемеге айналды.
2019-2024 жылдары кітапхананы Шаймуханбетова Айнур Сакеновна басқарды.
2024 жылғы 26 желтоқсанда Нурланов Галым Адаевич кітапхана басшысы болып тағайындалды.
Тек осы арнайы кітапханада Қарағанды облысындағы көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған басылымдар қоры жинақталып, ұқыпты сақталады. Жалпы алғанда 87000-нан астам сақтау бірлігін құрайтын әртүрлі тасымалдаушылардағы кітап қоры: ірі, жазықбаспалы және бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптар мен бедерлі-графикалық құралдар, аудиокітаптар мен тактильді кітаптардан тұрады.
Осы уақытта Қарағанды қаласы мен облыстың 5000-ға жуық пайдаланушысы арнайы кітапхана қызметімен қамтылған.
Кітапхана тақырыптық көрмелер мен шеберлік сыныптарын, байқаулар мен фестиваль, тақырыптық акцияларды ұйымдастырып, жобалық қызметті белсенді жүргізеді.


