
30 қыркүйекте кітапханамызда оқу мәдениетін насихаттау мақсатында «Open Library Day: біл, сүй, оқы!» атты Ашық есік күні өтті. Біздің шарамыздың қонақтары Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі» КММ қызметкерлері және біздің тұрақты оқырмандарымыз болды. Бұл күні оқырмандар мен қонақтар кітапханамызды жаңа қырынан таныды. «Тифлоорталық — мүмкіндіктер әлемі» экскурсиясы барысында қатысушылар заманауи тифлотехнологиялармен және зағип және нашар көретін адамдарға ақпарат алуға, өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдармен танысты. Ал «Брайль аумағы» танымдық алаңында рельефті-нүктелі жазудың ерекшеліктері туралы білді. «Жанды парақтар» экскурсиясы кітап әлемінің сан қырын ашуға мүмкіндік берсе, «Ережесіз күлкі, шекарасыз ой» және «Ашылулар уақыты» квиздері қатысушылардың білімін, тапқырлығы мен шапшаңдығын сынады. Мерекенің сәні болған Айнаш қажы Асқартегі ақын біздің кітапханаға «Пейіл тамшылары» атты өзінің авторлық кітабын сыйға тартты, ал Бақыт Қамбарқызы өз әндерін шырқады. Тақырыптық «Book Café» – «Оқу дәмі» алаңында сүйікті кітаптар туралы әңгімелесіп, әдеби тапсырмаларды орындап, оқырмандық ұсыныстарымен бөлісті. «Жазушы кабинеті» мен «Кітап болжамдары қабырғасы» шығармашылық әрі жағымды көңіл күй сыйлап, қатысушылар естелік суреттерге түсіп, кітаптардан жылы тілектер алды. Кештің ерекше музыкалық сәті — кітапханамыздың оқырманы Константин Огневтің өнер көрсетуі болды. Ол қонақтарға тамаша музыкалық шығармаларын тарту етті. Ашық есік күні кітап, білім, шығармашылық, музыка және жылы қарым-қатынасты тоғыстырған мазмұнды әрі әсерлі күнге айналды. Барлық қатысушыларға қызығушылықтары, белсенділіктері және керемет көңіл күй сыйлағандары үшін алғысымызды білдіреміз!


