
23 сәуір күні Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне арналған «Үздік оқырман – 2025» атты оқырмандар бенефисі өтті. Осы атаулы мереке күні біз кітаптардың адал серігі, білім мен шабыттың қайнар бұлағына айналған жандарды ұлықтап, құрмет көрсеттік. Шараның ең салтанатты сәті марапаттау рәсімі болды: үздік оқырмандар кітапқа деген сүйіспеншілігі мен кітапхана өміріне белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен және арнайы сыйлықпен марапатталды. Мерекелік кештің шымылдығын «Алмагүл» бөбекжайының бүлдіршіндері көңілді музыкалық нөмірлерімен ашып берді. Ақылжан Тарасовна, көпшілікке танымал «Любовь настала» және «Замечательный сосед» атты әндерін орындады. Сонымен қатар А.З. Каримов пен Л.В. Никоненко өз шығармашылықтарымен бөлісіп, қонақтарға жарқын музыкалық композициялар тарту етті. «Молодежный» Мәдениет үйінің өнерпаздары мереке сәнін келтіріп, әсем әуенмен шашу шашты. Бенефис кітапқұмарлардың басын қосып, достық пен жылылыққа толы нағыз мерекеге айналды.


