
13 қазан күні Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен арнайы кітапхана ұйымдастырған көру қабілеті бұзылған оқырмандар арасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл толуына арналған Брайль қарпімен оқу және жазу бойынша «Қазақ жырының қыраны» атты облыстық байқау өтті. Байқауға 39 өтінім келіп түсті, оның 12-сі қазақ тілінде. Байқауда Қарағанды, Теміртау қалалары мен Абай ауданынан келген қатысушылар «Брайль бойынша жазу» және «Брайль бойынша оқу» санаттары бойынша бақ сынасты. Диктант барысында сауаттылық, жазу жылдамдығы, орфография және пунктуация нормаларының сақталуы ескерілді. Ал оқу сайысында Брайль қарпімен дұрыс әрі дәл оқу, оқу жылдамдығы мен мәнерлілігі бағаланды. Байқау жұмыстарын «Жалын» мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Асхат Хасенұлы Егеубаев, №1 арнайы мектеп-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнур Мейрамбековна Узакбаева және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гульшат Коныспековна Турсунова бастаған құзыретті қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасы сайыс жұмыстарын саралап, жеңімпаздарды анықтады.


