
Акция аясында жаппай ел болып оқуға ұсынылған жыл кітабы – Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романы
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапханасы, Қазақстан кітапханалар қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Акция аясында дәстүрлі түрде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары таңдалып, жаппай ел болып оқуға ұсынылады.
2026 жылы ұлттық әдебиеттің үздік туындыларын оқу, әдеби мұраны зерттеу мен қоғамның оқу қызығушылығы мен зияткерлік-рухани дамуға ықпал етудегі республикалық акция аясында жыл кітабы ретінде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің, Тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романы таңдалды.
Қабдеш Жұмаділовке Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен азаттық жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.
«Тағдыр» романы – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тағдырлы кезеңін, әсіресе Қытай жерінде қалған қазақтардың елдік күресін суреттейтін тарихи шығарма. Романның өзегі – Демежан Үкірдайдың өмір жолы, ол – елінің жері мен намысын қорғап, әділетсіз Маньчжур-Қытай өкіметіне қарсы тұрған қайраткер тұлға. Шығармада ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Ресей мен Цин империялары арасындағы шекара бөлінісі, қазақтардың жерден айырылуы, отаршылдық қысымы, қытай билігінің саясаты, қамал-қорған салу сияқты тарихи маңызды оқиғалар қамтылған.
«Жол торабы», «Тағдыр талқысы», «Уақыт керуені», «Дар ағашы» атты 4 бөлім мен эпилогтан тұратын роман Шәуешек, Тарбағатай өңіріндегі қазақ халқының шекара бөлінісі кезіндегі ауыр тағдырын Демежан өмірі арқылы көрсетеді. Демежан ел үшін еңбек етіп, егіншілікті дамытып, салыққа қарсы шығады, бірақ қарсыластарының жаласымен дарға асылады. Соған қарамастан, оның еңбегі мен есімі халық жадында сақталып, бастаған істері жалғасады.
Сіздерді еліміздің рухани мұрасын насихаттау мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акцияға белсене қатысып, Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романын оқуға шақырамыз.


